Павлодар облысында мас жүргізушілер әкімшілік қамауға жиі түседі

Павлодар облысында мас жүргізушілер әкімшілік қамауға жиі түседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері өңірде 1,5 мыңға жуық тұрғын әкімшілік қамауға алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға ескерту мен айыппұлдан бөлек, әкімшілік қамау жазасы да қолданылуы мүмкін. Олар жазасын Павлодар қаласы полиция басқармасының арнайы қабылдау орнында өтейді.

– Жыл басынан бері облыстың 1425 тұрғыны әкімшілік қамауға алынды, оның ішінде 26-сы – әйелдер, – деді Павлодар қаласының әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орнының бастығы Еркінжас Кәрімов.

Арнайы қабылдау орнына түскендердің ең көбі – мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер. Биыл осындай құқық бұзушылық үшін 506 адам әкімшілік қамауға алынған.

Одан кейін отбасылық жанжал шығарғандар тұр. Жыл басынан бері олардың саны 327 адамды құрады. Бұл құқық бұзушылықтар үшін 10-нан 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін 51 адам, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 117 тұрғын әкімшілік қамауға алынған.

Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтап, заң талаптарын бұзбауға шақырды.