Павлодарда «күлдіргіш газға» тосқауыл қойылды

Павлодарда «күлдіргіш газға» тосқауыл қойылды
Фото: pexels.com / Trinity Kubassek

Полицейлер түнгі клубтарда алдын алу және профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы ойын-сауық орындарында тексерулер жүргізіп, арнайы кездесулер ұйымдастырды. 

Рейд барысында мекеме басшыларымен, күзет қызметімен және қызмет көрсетуші персоналмен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Клуб қызметкерлерінің түрлі жағдайларда әрекет ету алгоритміне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тыйым салынған заттарды анықтау, келушілердің есірткілік немесе ауыр мас күйінде болуы, сондай-ақ құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажеттілігі талқыланды.

Биылғы тексерісте «күлдіргіш газ» (азот тотығы) тарату мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы Қазақстан Республикасында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, азот тотығының заңсыз айналымы мен сатылуына тыйым салынған заттар тізбесіне енгізілгені түсіндірілді.

– Ойын-сауық орындарында, оның ішінде түнгі клубтарда «күлдіргіш газды» сату және тарату заңсыз болып табылады және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Мекеме басшыларына клуб аумағында тыйым салынған заттарды сату немесе тұтыну деректеріне жол бергені үшін заң талаптары мен жауапкершілік шаралары түсіндірілді, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.

Сондай-ақ полиция органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі бойынша қосымша нұсқама өткізіліп, есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымы үшін қолданылатын жаза түрлері ескертілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғасатын болады.