Павлодар облысында мемлекеттік қызметте бухгалтер мамандары тапшы

Павлодар облысында мемлекеттік қызметте бухгалтер мамандары тапшы
Фото: pexels.com

Әсіресе ауылдық жерлерде бос орындар көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2024 жылдың аяғында жергілікті атқарушы органдардағы бос орындар саны 241 бірлікті немесе жалпы санның тоғыз пайызын құрады. Есепті кезең ішінде 255 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтіп, 920 шенеунік біліктілігін арттырды.  Былтыр жергілікті атқарушы органдардан таза ауысым бойынша 96 адам мемлекеттік қызмет жүйесінен босатылды. 

– Ауылдық жерде бухгалтерлердің тапшылығы, ал аудан бойынша инженерлік-техникалық мамандандық бойынша кадр мәселесі бар. Жер қатынастары мен құрылыс бөлімдерінде мамандар жетіспейді, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров.

Оның сөзінше, Павлодар облысында аталмыш мамандарды дайындайтын тиісті жоғары және орта оқу орындары бар. 

– Мысалы, колледж бітірген жастар аудандық әкімдіктің дербес бөлімі деңгейінде біліктілігі сәйкес болған жағдайда жұмысқа орналаса алады.

Соңғы өзгерістерге байланысты, жыл басынан бері оқу нәтижесі 3,33 GPA көрсеткіштерімен мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған 22 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалды.

Айта кетейік, 109 мемлекеттік қызметші меритократиямен жоғары тұрған лауазымдарға көтерілді.