Баянауыл ауданында өрт: Тұрғындар эвакуациялау пунктіне жеткізілді
ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов оқиға орнында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ресми телеграм каналының мәліметінше, 6 қазанда Қарағанды облысы Қарақаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп жанды.
Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілді.
Шақыру орнына келген кезде алдын ала 40 гектар алқаптың жанғаны байқалды.
– Өртті сөндіру барысында өңірдің ТЖД екі қызметкері және ерікті өртке қарсы құралымның бір қызметкерін күйік шалды. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл дәрежеде күйік алған, – деп жазылған хабарламада.
Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына көшті. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жұмылдырылды. Сағат 17-00-дегі жағдай бойынша тікұшақ құрылғысына суды Шалқаркөл көлінен қармап алу арқылы өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төгілді.
Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге – мектепке 18 адам, оның ішінде сегіз бала эвакуацияланды. ҚР ТЖМ Командалық орталығында штаб жұмыс істеуде. Қарағанды облысының әкімі де оқиға орнына барды.
Құтқарушылар тобы қосымша күштер мен құралдармен толықтырылды. Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері: жеке құрамнан 183 адам, 56 техника және төрт тікұшақ жұмылдырылды. Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты.
Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың жоқтығы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда.
Ақпараттық психологиялық қолдау көрсету үшін ТЖ-ны жою штабында 8 721 2 51 72 23 нөмірі бойынша жедел желі телефоны жұмыс істейді.