Павлодар облысында мың шақырымнан астам жолдың жағдайы тексеріледі
Биыл республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына ауқымды диагностика жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоспарға сәйкес, өңір аумағынан өтетін 1359 шақырым жол тексеріледі.
Жұмыстарды Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының мамандары жүргізеді.
– Тексерудің негізгі мақсаты – жол жабынының қазіргі жағдайын анықтау, ақауларды және жөндеу немесе қайта жаңғыртуды қажет ететін учаскелерді айқындау. Алынған деректер жол желісін күтіп ұстау мен дамытуды одан әрі жоспарлауға негіз болады, – деп хабарлады орталықта. –
Диагностика халықаралық және өңіраралық бағыттарды да қамтитыны белгілі:
• ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы (Үрлітөбе өткізу пункті),
• Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ),
• Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті,
• Ертіс өзені арқылы өтетін көпірмен бірге Павлодардың батыс айналма жолы,
• Павлодар – Шарбақты – РФ шекарасы,
• Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара,
• Атамекен – Ертісск – РФ шекарасы,
• Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов.
Өткен жылы өңірде шамамен 1300 шақырым автокөлік жолы тексерілген болатын.