Павлодар облысында офтейк келісім-шарттар жүйесі масштабтау жұмысы қолға алынбақ

Павлодар облысында офтейк келісім-шарттар жүйесі масштабтау жұмысы қолға алынбақ
Фото: pexels.com/Monstera Production

Бүгінгі таңда ұлттық тасымалдаушы мен теміржол кластері кәсіпорындары арасында офтейк келісім-шарттар жүйесі қалыптасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Құрманованың сөзінше, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту басты басымдық болып қала береді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша сала кәсіпорындары 2,1 триллион теңгеге өнімдер шығарды, өсім 2023 жылға қарағанда 9,5%-ды құрады. Өңдеуші сектордың өндіріс көлемі бойынша облыс республика бойынша төртінші орында. Павлодар облысында бес жылда алғаш рет өңдеуші өндірістің көлемі бойынша облыс ҚР-да төртінші орында.

Металлургия +7,4%, машина жасау +30,6%, химия өнеркәсібі +20,5%, кокс және мұнай өнімдерін өндіру +5,3% және басқа да салаларда көлемдер артылды.

– Металлургия тұрақты өсімді көрсетуде. Ферроқорытпалар мен алюминий өндірісі артылуда. Химия өнеркәсібінің өндірісі артып келеді. Бұл өнім өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деді Людмила Құрманова.

Оның айтуынша, теміржол кластері үшін теміржол дөңгелектері мен жүк вагондарын шығару өсті.

– Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін ескере отырып, қазіргі уақытта мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау және көмір-химиясы сияқты секторларда «өсудің тауашалық нүктелерін» анықтау жұмысы жүргізілді, – деп атап өтті ол. 

Өнеркәсіптік саясаттың маңызды бағыты елішілік құндылық үлесін арттыру арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау болып табылады. Жыл сайын облыстың ірі кәсіпорындары 900,0 миллиард теңгеден астам сомаға тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

Бұл, бірінші кезекте, «Қазақстан темір жолы» мен оның еншілес компанияларына қатысты.

– Бүгінгі таңда ұлттық тасымалдаушы мен теміржол кластері кәсіпорындары арасында офтейк келісім-шарттар жүйесі қалыптасты. Әр түрлі т/ж компоненттері мен қосалқы бөлшектерін жеткізуге 5 келісім-шарт және 1 ұзақ мерзімді шарт жасалды. Біз офтейк келісім-шарттар жүйесін масштабтау жұмысын жалғастырамыз, – деді Людмила Құрманова.

Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикаға инвестиция тартуға баса назар аударды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар көлемі 77,6%, соның ішінде металлургияға - 65%, мұнай өңдеуге - 45,2%, химия - 9 есе, жиһазға 4,3 есе өсті.

Өңдеуші сектордың дамуында жағымды серпін ағымдағы жылы да сақталуда. 

2025 жылғы қаңтар-ақпан қорытындысы бойынша өңдеуші сектор көлемі 6% ұлғайды, соның ішінде металлургия +2,0%, машина жасау +54,1%, қағаз өнімдерін өндіру +40,1%, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру +26,7%, құрылыс индустриясы +55,1%, дайын металл бұйымдарын өндіру +7,1% және т.б.

Осы серпінді ағымдағы жылдың соңына дейін сақтап қалу жоспарланып отыр.