Асайын Байханов: Екібастұз станциясына қауіп төніп тұрған жоқ
Нысанды тәуелсіз сараптамалық компания зерттеп, қорытынды ұсынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Өткен аптада Екібастұздағы 1-МАЭС-ке бардым. Станциядағы жағдаймен таныстым. Менімен бірге «Самұрық-Энерго» АҚ басшылары болды. Қазіргі уақытта станцияның жұмысына елеулі қауіп төндіретін ештеңе жоқ, – деп хабарлады облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
№ 1 түтін құбырының ішкі жағында керамзит кірпіштер құлаған.
Негізгі түтін құбырының монолитті құрылымы зардап шекпеген және жұмыс істеп тұр. Қазір сол жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Қысқы маусымның соңында станцияда №1 түтін құбырын күрделі жөндеу жұмыстарына кіріседі.
Еске сала кетейік, 12 қарашада сағат 16:00-де Екібастұз МАЭС-1 жабдығын аралау және тексеру барысында №1 түтін құбырының балконы төңірегінде шаңның пайда болғаны анықталды. Шаңдану себептерін анықтау үшін №3 энергия блогын ажырату туралы шешім қабылданып, түтін құбырына ішкі тексеру жүргізу мақсатында мамандандырылған ұйым тартылды.