Асайын Байханов өңір тұрғындарына суда абай болуды ескертті
Жаз басталғалы облыста 4 адам суға кетіп, қайтыс болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды.
— Құрметті жерлестер, бүгін мен сіздерге өте маңызды өтінішпен жүгініп отырмын. Мамыр айының аяғынан бері өңірде қатты ыстық тұр, және көп адам судан салқындық іздеуге асығады. Бірақ дәл қазір абайсыздықтың бағасы тым қымбатқа түсіп жатыр. Жаз басталғалы біз төрт адамнан айырылдық. Барлық қайғылы оқиғалар шомылуға арналмаған жерлерде орын алды. Көбі мас күйінде болған. Ертіс өзені қателікті кешірмейді. Бүгінге дейін 1 адамды іздеу жалғасуда, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі шомылуға тыйым салынған жерлерде шомылмауды және мас күйінде суға түспеуді ескертті.
— Ата-аналарға ерекше үндеу жасағым келеді. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және оларға судағы жүріс-тұрыс ережелерін үнемі еске салып отырыңыздар. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, ешқандай демалыс адам өміріне тұрмайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп түйіндеді сөзін.
Еске сала кетейік, өткен демалыс күндері үш адам суда шомылу кезінде зардап шекті. Оның біреуі ауруханада қайтыс болды.