Бір апта бұрын жоғалған жасөспірімнің мәйіті Ертістен шығарылды
Іздеу жұмыстары бір апта бойы құтқарушылардың, полицияның және еріктілердің қатысуымен жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 23 маусым күні сағат 15:37-де Павлодар ауданындағы Ертіс өзенінің Оңтүстік су алу құрылғысы аумағында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 2008 жылы туған жасөспірімнің денесін тауып, судан шығарған.
– Табылған мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды, – деді ведомствода.
Еске сала кетейік, жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабарлама 16 маусым күні түскен. Өзен жағалауынан оның мотоциклі мен жеке заттары табылғаннан кейін ауқымды іздеу жұмыстары басталған болатын.
Іздеу операциясына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жасөспірімді іздеу барысында жүзу құралдары, эхолот, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты және сүңгуір жабдықтары қолданылды.