Павлодар облысында рұқсатсыз патрон алып жүрген жүргізушіге айыппұл салынды
Сот 12 калибрлі төрт аңшылық патронын тәркіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен аудандық соты өңір тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады. Ол 2026 жылғы 21 қаңтарда жеке автокөлігімен мемлекеттік шекараны кесіп өту үшін «Найза» шекара бақылау бөліміне келген.
– «Chevrolet Niva» автокөлігін тексеру барысында жүк салғышынан 12 калибрлі төрт аңшылық патроны табылған. Анықталғандай, азамат оларды рұқсат құжаттарынсыз заңсыз сақтап, тасымалдаған, – деді аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, патрондарды сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасына әкелуге және алып шығуға рұқсат құжаттарының болмағанын түсіндірді.
Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, патрондарды тәркілей отырып 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.