Павлодарда сақтандырылмаған тұрғындар еңбекке жарамсыздық парағын қалай рәсімдей алады?
Арнайы мамандардың қабылдауына кіру үшін сақтандыру жүйесінде болу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Егер пациенттің еңбекке жарамсыздығын анықтау немесе растау үшін МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсету талап етілмесе, онда еңбекке жарамсыздық парағын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде рәсімдеуге болады.
– Мысалы, сақтандырылмаған науқаста ЖРВИ белгілері пайда болып, ол фильтр кабинетіне немесе учаскелік дәрігерге қабылдауға жүгінді делік. Егер диагнозды белгілеу үшін арнайы маманға жолдама немесе МӘМС пакетіне кіретін диагностикалық зерттеулер талап етілмесе, онда пациентке учаскелік дәрігер еңбекке жарамсыздық парағын бере алады, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында.
Алайда, егер емдеуді одан әрі жалғастыру немесе қосымша зерттеулер жүргізу үшін міндетті медициналық сақтандыру тізіміне енгізілген медициналық қызметтерді алу қажет болса, онда мұндай пациентке міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесін алу қажет болады.