Павлодар облысында сегіз мыңға жуық жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған
Жол қозғалысы ережесін бұзғандарға бес АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 7893 жүргізуші анықталды.
Ведомство қауіпсіздік белдігі жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алу және қаза болу қаупін төмендететінін еске салды. Көлік соқтығысқан немесе кенет тежеген жағдайда белдік жүргізуші мен жолаушыларды салон ішіндегі элементтерге соғылудан немесе көліктен сыртқа лақтырылудан қорғайды.
– Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті және жолаушылар қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған жағдайда көлік қозғалысын бастамауы тиіс, – деп хабарлады полиция департаментінде.
Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін бес АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Жауапкершілік жүргізушінің өзіне де, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдаған жағдайда да қолданылады.
Полиция балаларды көлікпен тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызды екенін атап өтті.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді өздерінің ғана емес, көліктегі жолаушылардың да қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.