Павлодар облысында шағын футбол алаңдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Жұмыстардың сапасын өңір басшысы тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, аулалардағы балалар және спорт алаңдарының жағдайын тексерді.
Қаланы аралау барысында облыс әкімі спорт инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, Қамзин көшесіндегі және Дөнентаев, 44 мекенжайындағы үш шағын футбол алаңында тозған торлар ауыстырылып, алаң жабыны жаңартылып жатыр. Жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Кейін облыс әкіміне балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары туралы баяндалды. Қала әкімдігінің мәліметінше, Ақсуда 126 аула бар, оның 94-і балалар ойын алаңдарымен қамтылған. Биыл тағы 32 алаң орнату жоспарланып отыр. Бұл барлық аулаларды толық қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 15 аулада бетон негізі дайындалған. Әр алаңда 13 ойын элементі, екі орындық, қоқыс жәшіктері және қоршаулар орнатылады. Ойын жабдықтарына «Романов» фирмасына тапсырыс берілген, олар мамыр айының соңына дейін жеткізілуі тиіс.
Асайын Байханов алаңдардың астындағы инженерлік желілердің қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударды. Мердігер ұйымның айтуынша, барлық учаскелер тексерілген, ал қалалық су арнасының мамандары жер астында ешқандай коммуникация жоқ екенін растаған.