Павлодар облысында шала туған нәрестелердің өміршеңдігі артты

Павлодар облысында шала туған нәрестелердің өміршеңдігі артты
Фото: жасанды интеллект

Бұл – дәрігерлердің кәсібилігінің арқасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында шала туған нәрестелерді аман алып қалу көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлнар Бұратаеваның айтуынша, соңғы жылдары ең күрделі жағдайда дүниеге келетін сәбилерге көрсетілетін медициналық көмек сапасы күшейіп, өміршеңдік деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді.

– Салмағы 1,5 килограмға дейінгі балалардың өміршеңдігі 43 пайыздан 66 пайызға өсті. Біз аман алып қалған ең кішкентай нәресте – 510 грамм. 22-23 аптада, 440-480 грамм болып дүниеге келетін нәрестелер де бар. Соған қарамастан барлық хаттамалар толық орындалып, қажетті көмектің бәрі көрсетіледі, – деді ол.

Бас дәрігердің сөзінше, мұндай нәтижеге неонатолог, неонатолог-реаниматологтардың жоғары біліктілігі, тәулік бойы үздіксіз жұмысы, сондай-ақ заманауи инкубаторлар мен тыныс алдыру жүйелері сияқты арнайы жабдықтардың жеткілікті болуы әсер еткен.

Орталықта туа біткен ақауларды ерте анықтауға ерекше назар аударылады. Осы кезеңде мұндай 146 жағдай анықталып, оның ішінде 59 жүктілік үзілген.

Айта кетейік, Павлодар облыстық перинаталдық орталығы – өңірдегі төрт деңгейлі жалғыз перзентхана. Мұнда санавиация арқылы жеткізілген ауыр жағдайдағы жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер қабылданады. 

– Биыл 10 айда облыста 6976 нәресте дүеме есігін ашты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Қазіргі туу көрсеткіші – 11 пайыздан сәл жоғары. Бірақ биыл ана өлімі тіркелмегенін атап өткім келеді, – деді Гүлнар Бұратаева. 

Бұл ретте, облыста 10 айда 47 нәресте көз жұмған, бұл өткен жылғы 52 жағдаймен салыстырғанда төмен. Өлім-жітімнің 60 пайыздан астамын салмағы бір келіден төмен шала туған сәбилер құрайды. 

Еске сала кетейік, облыстық перинаталдық орталығы жанында желтоқсан айының ортасында жүкті әйелдерге арналған «Сау ана» пансионаты ашылады. Жаңа нысан ең алдымен шалғай аудандардан келетін, жүктілігі күрделі және медициналық бақылауды қажет ететін әйелдерге арналған.