Павлодар облысында шамамен 30 су айдынында аэрация жүргізілді
Табиғатты қорғау шаралары қаңтар айында басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар дүниесін қорғау және реттеу бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, аэрация су биоресурстарын сақтау үшін қажет.
– Іс-шараларға орман қорғаудың 162 қызметкері тартылды. Жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда. Мамандар су айдындарының жағдайын үнемі қадағалап, қажетті шараларды қабылдап отырады, – деді бөлім басшысы.
Профилактикалық шаралар аясында шамамен 900 ойық пен 88 майна бұрғыланды. Аэрация Ертіс, Железин, Тереңкөл, Май, Ақсу, Аққулы және Павлодар аудандарындағы 26 су айдынында жүргізілді. Суды оттегімен қанықтыру үшін инспекторлар ойықтар жасап, оған қамыс қояды. Осы қарапайым әдіс арқылы су айдындарына ауа түсіп, балықтың тұншығып қалмауының алдын алады.
Павлодар облысының орманшылары жабайы жануарларға қамқорлық жасауды жалғастыруда. Ормандарда 335 қоректендіргіш орын орнатылып, 535 келі тұз, 14 тонна шөп және шамамен 10 мың азық қоры әзірленді. Қоректендіргіштерді әр апта сайын толықтырып, жануарлардың еркін жетуі үшін жолдарды тазалайды.
Инспекторлар қоректендіргіштерді үнемі аралап, жануарларға жеткілікті азық бар-жоғын қадағалайды. Қазірдің өзінде еліктер тұз қойылған жерлерге келіп, азық ретінде қарағаш пен қайыңнан жасалған қоректендіргіштерді сүйсіне жейді. Ал қояндар мен құстар орманшылар қалдырған бидайды тауып, азық алаңдарына жиі келіп жүр.