Павлодарлық орманшылар жабайы жануарларға тонналап азық дайындады
Аяз орман тұрғындарына қамқорлық жасауға кедергі емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орманшылықтар мен жайылымдық аумақтарда қоректендіргіштер мен тұз алаңдарын орнату жұмыстары ұйымдастырылды.
Павлодар ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жетекшісі Аждар Жүсіповтің айтуынша, инспекторлар тек жабайы жануарлардан бөлек, құстар мен балықтарға да қамқорлық жасайды.
– Біздің шаруашылықта алты орманшылық бар. Жайылмаларда қоректендіргіштер мен тұз алаңдары орнатылды. Барлығы инспекторлардың қолымен шамамен 80 қоректендіргіш орын мен 40 үйшік жасалды. Жануарларды азықтандыру үшін үш тоннадан астам шөп пен астық қалдықтары дайындалды. Сонымен қатар, 180 килограмм тұз әзірленді, бұл – жабайы жануарлардың рационында маңызды элемент, – деді Аждар Жүсіпов.

Қоректендіргіштер толтырылғаннан кейін орманшылар аумақтарды үнемі аралап, азық қорын толықтырып отырады. Еліктер шөп пен тұз қойылған жерлерді жақсы көріп, қараағаш пен қайыңнан жасалған азықты сүйсіне жейді. Қояндар мен құстар да өздеріне астық тауып алды.
Орманшылар мұндай жұмыстың тек техникалық жағымен шектелмеуі тиіс екенін атап өтеді, оның тәрбиелік мәні де бар. Мекеме мамандары мектептерге барып, балаларға қоректендіргіш пен құс үйшіктерін қалай оңай жасауға болатынын көрсетеді.
Балықтар да орманшылардың қамқорлығында. Шағын су қоймаларында балықтар қатып қалу қаупіне ұшырайды. Оларды оттегімен қамтамасыз ету үшін инспекторлар аэрация жүргізеді. Мамандар ойықтар бұрғылап, оған қамыс қояды. Осындай қарапайым әдіс арқылы суға ауа түседі.
Қыста жабайы жануарлар павлодарлықтар үшін күтпеген қонақ болды. Желтоқсанда қала тұрғындары облыс орталығының шетінде және Усолка шағын ауданында түлкілерді байқады. Мамандар олардың батыл әрекетін өмір үшін күрес және азық іздеумен түсіндіреді.
Орманшылар ерекше назарды аймақта қыстап қалуды шешкен сұңқылдақ аққуларға аударды. Бес құс Павлодарское ауылындағы белсенді демалыс орталығына көшірілді. Мамандар оларды байқап, әріптестеріне сеніп тапсырды.
Фото: Аждар Жүсіпов