Павлодар облысында шырындар бағасы сәл ғана өскен
2023 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша жеміс-көкөніс шырындарының бағасы 22,7%-ға өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшылары ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жеміс шырындары 22,6%-ға, көкөніс шырындары 23,9%-ға қымбаттады.
– Өңірлер арасында табиғи шырындар Ақмола облысында бірден 42,1%-ға қымбаттады. Одан кейін Батыс Қазақстан (37,2%-ға), Қызылорда (36%-ға) және Жетісу (35,7%-ға) облыстарында баға артқан. Ал Павлодар (11,3%-ға) және Қарағанды (11,6%-ға) облыстарында жеміс және көкөніс шырындарының бағасы сәл ғана өскені байқалды, – дейді сарапшылар.
Биылғы жылдың маусым айында табиғи шырындардың бағасы 1,8%-ға өсті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, өткен маусымда жеміс-көкөніс шырындары бір айда 2,8%-ға қымбаттаған. Биыл бағаның ең елеулі айлық өсуі сәуір айында байқалды: 2,2%.
Қазақстанда жеміс-көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2023 жылғы қаңтар-маусымда 36,3 млн литрді құрады. Яғни бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға артық.
Өндірілген жалпы көлемнің бірден 34,4 млн литрі – жеміс шырындары (бір жылдағы өсім – 22,9%), оның ішінде 14,2 млн литрі – апельсин шырыны, 7,3 млн литрі – алма шырыны, 985 мың литрі – ананас шырыны.
Көкөніс шырындарының өндірісі 1,8 миллион литрден жоғары болды. Бұл – 2022 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 5%-ға аз. Өндірістің барлық көлемі – 1,8 миллион литрге жуығы – қызанақ шырыны.