Павлодар облысында су басу қаупін азайту үшін қандай жұмыстар жасалды?
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық ерекше бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын алу шаралары бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Ведомство облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген 36 және инженерлік жұмыс бойынша 47 іс-шара бекітілді. Бүгінгі күнде аталмыш іс-шаралардың бірқатар бөлігі орындалды.
– Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында ұзындығы 2 километрге созылатын үш шұңқыр, сыйымдылығы 200 мың текше метр қорғаныс үйіндісі тұрғызылды. Атқарылған жұмыстар елді мекенді еріген судан тиімді қорғауға мүмкіндік береді,– деді облыстық ТЖ департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.
Ал Шолақсор ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 2023 жылы Сілеті өзенінің жағасын нығайту, өзен арнасын, түбін тазарту және тереңдету бойынша жұмыстар аяқталды.
– Соңғы жылдардағы жауын-шашын мен су тасқыны нормасына сүйене отырып, Павлодар, Ақсу қалалары, Ақтоғай, Павлодар аудандары, Атамекен, Кенжекөл кенттерінде жасанды құрылыстарды орнату, су тасқыны қаупі бар учаскелерінде қолда бар үйінділердің биіктігін арттыру және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл еріген суларды ұстауға ықпал ететін болады,– деп атап өтті департаментте.
Жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын «Ақтоғай-Шолақсор» облыстық маңызы бар автокөлік жолын жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Бұл учаскеде су өткізгіш құбырларға жөндеу жүргізілді. Яғни, еріген судың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Инженерлік жұмыстар жоспарын іске асыру аясында Ертіс ауданының Қарақұдық ауылына кірме жолға ұқсас үш су өткізгіш құбыр орнатылды.
Сонымен қатар, елді мекенді су басу қаупін болдырмау үшін Ақтоғай ауданы Жамбыл ауылының Талинка өзенінің түбін тереңдету жұмыстары аяқталды. Павлодар ауданы Розовка ауылының дала аймағында дренаж бойынша жұмыс істейтін елді мекендерден еріген қар суын бұруға арналған бұру арналары өткізілді.
Бүгінде 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың республикалық жол картасы шеңберінде жеті іс-шара толық көлемде іске асырылды. Мысалы, «Қалқаман-Баянауыл, Үміткер-Ботақара» автожолдарында екі көпірдің құрылысы аяқталды. Олар автожолдардың бұзылуына, сумен толып кетуіне, тасқын және еріген сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді.