Павлодар облысында судағы қайғылы жағдайларға не себеп?
Мамандар қайғылы жағдайға алып келетін себептерді атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде биылғы шомылу маусымы 31 тамызға дейін жалғасады. Осы кезеңде облыс бойынша 45 жағажай белгіленген. Оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жекеменшік. Алайда түрлі себептерге, соның ішінде қаржылық шығындарға байланысты 10 жағажай жұмыс істемеген.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Ғалямовтың айтуынша, маусым басталғалы облыста жеті адам суға кетті. Оның екеуі – кәмелетке толмағандар.
– Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың мас күйінде болуы және арнайы рұқсат етілмеген аумақтарда суға түсуімен байланысты. Бір адам ресми жұмыс істеп тұрған жекеменшік демалыс аймағында көз жұмған. Сондықтан тұрғындарды тек арнайы белгіленген жағажайларда суға түсуге шақырамыз, – деді ол.
Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста төтенше жағдайлар департаменті, полиция, прокуратура, еріктілер және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен мыңнан астам рейд өткізілді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 49 адам құтқарылды, оның ішінде сегізі – бала. Сонымен қатар, рейд барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған 300-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Қазір облыс бойынша шомылуға тыйым салынған 128 аумақ бар. Оларға арнайы ескерту белгілері қойылғанымен, кейбір азаматтардың оларды әдейі жұлып тастайтын кездері кездеседі. Белгіленбеген жерде суға түсу ережесін бұзғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – деді Тілекжан Ғалямов.
Мамандар демалушыларға суға түсер алдында сақтық шараларын ескеріп, тек арнайы рұқсат берілген аумақтарды таңдауға кеңес береді.