Павлодарда жылу жүйелерін жаңарту нәтижесінде апаттар екі есе азайды

Павлодарда жылу жүйелерін жаңарту нәтижесінде апаттар екі есе азайды
Фото: pixabay.com/avantrend

Жиі тіркелетін учаскілердің 80пайызы жаңартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодарда қазіргі таңда барлық тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жеке сектор толығымен жылу жүйесіне қосылған. 

– Қала 100 пайыз жылумен қамтылды және жылу желілерінің 70 пайызы жаңартылды. Жылыту маусымына дайындық барысында барлық коммуналдық кәсіпорындар өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындады, – деді қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.

Оның айтуынша, жылыту маусымына дайындық кезеңінде қаладағы инженерлік желілер мен жылыту жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілді. «Павлодарэнерго» АҚ және «Павлодар жылу желілері» ЖШС мамандары гидравликалық және температуралық сынақтар өткізіп, жүйелердің сенімділігін тексерді.

Нәтижесінде 223 зақым анықталып, 20 күн ішінде толық жойылған.

Сонымен қатар, 20 шақырымнан астам ескі және тозған құбырлар жаңасына ауыстырылды. Соның арқасында ыстық сумен жабдықтаудағы үзіліс уақыты былтырғы жылмен салыстырғанда 20 күнге қысқарған.

– Біз жылу жүйелеріндегі ең проблемалы учаскелерді анықтап, алдымен сол жерлерді жөндедік. Осылайша, жыл сайын қайталанатын апаттардың алдын алуға мүмкіндік туды, – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Анатолий Моисей.

Сондай-ақ, Ломов, Қамзин, Ворушин және Малайсары батыр көшелерінің қиылыстарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескі магистральдар толық ауыстырылды. Привокзальная алаңындағы желілерде де күрделі жаңарту аяқталған.

– Биыл біз апат жиі тіркелетін учаскелердің 70–80 пайызын жаңарттық. Бұл – қала тұрғындары үшін қыс мезгілінде жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін маңызды қадам, – деді Әнуарбек Аманов.

Былтырғы жылы тіркелген 400-ге жуық зақыммен салыстырғанда, биыл олардың саны екі есеге азайған. 

– Әкімдік жылыту маусымының барысын қадағалайтын жедел штаб құрды. Штаб құрамына әкімдік, тұрғын үй инспекциясы, жылу және сумен жабдықтау мекемелерінің мамандары кіреді, – деді ол. 

Тәулігіне шамамен 40 шақты тұрғыннан өтініш түседі, олардың басым бөлігі жедел түрде шешілуде.

– Жылыту маусымы тұрақты режимде өтуде. Барлық көрсеткіштер нормативке сай. Әрбір шағым жеке қаралып, мәселе болған жағдайда біздің мамандар дереу барады, – деді Әнуарбек Аманов.

Қаланың жылу көздері мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. 

Биылғы маусым Павлодардың коммуналдық жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Жылыту сапасы артты, ал апаттар саны азайды. Бұл – жүйелі еңбектің нәтижесі.