Павлодар облысында сібір жарасы ауруы тіркелмеді

Павлодар облысында сібір жарасы ауруы тіркелмеді
Фото: Константин Шелков

Биыл сібір жарасына қарсы вакцинациядан тәуекел тобындағы 459 адам өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.

– Сібір жарасы –  адам мен жануарларда терінің, ішектің, өкпенің, лимфа түйіндерінің зақымдалуымен сипатталатын ауру. Өлімге дейін апаратын ерекше қауіпті ауруға жатады, – деді ол. – Павлодар облысында сібір жарасы ауруы тіркелмеген, алайда республика бойынша 33 жағдай тіркелді.

Оның сөзінше, адамдар үшін инфекция көзі – ауылшаруашылық жануарлары, су қоймасы, топырақ және басқа да қоршаған орта объектілері.

Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық, ветеринария және зертханалар саласында, сібір жарасы ошақтарында және материалмен жұмыс істейтін мамандар тәуекел тобына жатады. Олар вакциналаудан міндетті түрде өтеді.  

Павлодар облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың сөзінше, өңірде сібір жарасы бойынша 149 қолайсыз пункт бар. 

– Оның ішінде 18 қолайсыз пункт – адам ауруына шалдыққан және көмілмеген, 131 қолайсыз пункт – ауыл шаруашылығы жануарларының ауруы бойынша көмілген жерлер, – деді спикер. 

Барлық көмілген орындар анықталған және қоршаулармен белгіленген.