Павлодар облысында тіршілік көзіне арналған байқау жарияланды

Павлодар облысында тіршілік көзіне арналған байқау жарияланды
Константин Шелковтың фотосы

Жарыс 15 қазанға дейін өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл байқаудың басты міндеті – облыс тұрғындарына су қорын қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, әсіресе мектеп оқушылары, студенттер және жұмысшы жастар арасында экологиялық жауапкершілік сезімін нығайту. Жоба арқылы қатысушыларға: су ресурстарын сақтау туралы өз ойларын шығармашылық тұрғыда жеткізуге, бейнефильмдер мен суреттер арқылы экологиялық идеяларын көрсетуге, суға қатысты экологиялық бастамалар мен жобаларға белсенді қатысуға мүмкіндік беріледі.

– Жарыс 8 қыркүйектен бастап 15 қазанға дейін онлайн форматта өтеді. Осы аралықта қатысушылар өз жұмыстарын ұйымдастырушыларға жолдап, қазылар алқасының бағалауына ұсына алады, – деді ұйымдастырушылар. 

Байқау Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асуда. Жобаны «Білім» білім беруді және мәдениетті дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырады.

Байқауға Павлодар облысының мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері, сондай-ақ еңбек етіп жүрген жас мамандар қатыса алады. Әрбір номинация бойынша ең үздік шығармашылық жұмыстар іріктеліп, жеңімпаздар арнайы марапатталады.

Толық мәлімет пен сұрақтар бойынша мына телефонға хабарласуға болады: 8 771 341-56-72.