Ақтоғай ауданында жолдардың 90 пайызға жуғы қанағаттанарлық деңгейде
Облыс әкімі Жолболды-Шілікті аудандық маңызы бар автокөлік жолының орташа жөндеу жұмысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының Жолболды-Шілікті аудандық маңызы бар 15,67 километр автокөлік жолын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 233 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Асфальттау жоспарланбаған, сәйкесінше, кез-келген уақытта, яғни қар түскенге дейін жұмыс істеуге болады. Мердігердің міндеті – қараша айының соңына дейін аяқтау, – деді Асайын Байханов.
«Асфальтбетон-ПВ» ЖШС директоры Эльдар Галеев тапсырманы орындауға уәде берді. Ал, толығымен асфальт төсеу жұмыстары 2025 жылы маусым айында аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, Шілікті ауылында 95 адам тұрады. Бұдан бөлек, кентішілік және аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 378,7 км. Оның ішінде: аудандық маңызы бар – 210,7 км, кентаралық және көше жолдары – 168 км. Қанағаттанарлық және жақсы жағдайда жолдардың үлесі 89 пайызды құрайды.