Павлодар облысында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығына өтініш қабылдау басталды

Павлодар облысында «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығына өтініш қабылдау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқаудың 100 жеңімпазы төсбелгі мен бір реттік ақшалай сыйлыққа ие болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап жыл сайынғы «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығын тағайындау конкурсына құжаттар қабылдануда.

Сыйлық әртүрлі салада ерекше жетістікке жеткен дарынды балалар мен жастарды қолдауға және ынталандыруға бағытталған. Оған Павлодар облысының мектептері мен колледждерінде білім алатын жоғары жетістіктері бар оқушылар мен студенттер қатыса алады.

«Тәуелсіздік ұланы» сыйлығы 2021 жылы Павлодар облысы әкімдігінің бастамасымен тағайындалған. Содан бері 704 оқушы марапатталған.

Өтініштер бес номинация бойынша қабылданады:

  • «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі»;
  • «Кәсіби шеберлік» – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері үшін;
  • «Шығармашылық шеберлік»;
  • «Спорттық шеберлік»;
  • «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет».

Байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен аудандық және қалалық іріктеу өткізіліп, кейін жеңімпаздар облыстық қорытынды кезеңге қатысады.

Конкурс қорытындысында 100 жеңімпаз арнайы төсбелгімен және 50 АЕК (216 250 теңге) көлеміндегі бір реттік ақшалай сыйлықпен марапатталады.