Павлодар облысында тазартылмаған автожолдар үшін жауаптылар жазаланды

2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде полицейлер автожолдарды тексеру барысында 350-ден астам ақауды анықтады.
– Жыл басынан бері полицейлер жалпы пайдаланымдағы 7 мың шақырымға жуық автожолды тексерді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кемшіліктерді жою туралы 306 нұсқама берілді. Жолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп-ұстағаны және жол жөндеу қағидаларын бұзғаны үшін 51 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы мердігер ұйымдар жол жөндеу және жолдарды күтіп-ұстау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ оларға ведомстволық бағынысты учаскелерді тиісті деңгейде күтіп-ұстау талаптарын орындамағаны үшін шара қолданылды. Осындай заңбұзушылықтар аудандық және облыстық маңызы бар автожолдарда да анықталды.
– Мысалы, Павлодарда «Павлодар жылу желілері» ЖШС, Солнечный кентінде «Баракат-ЭК» ЖШС учаскесінің бастығына айыппұл салынды. Павлодар ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жол жабындысының ілінісу қасиеттерінің төмендеуіне әкелген мұздың пайда болуы фактісі бойынша экономика секторы бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады ведомство.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тексерулердің басты мақсаты – өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыру, қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың ауыр салдарын азайту.