«Бес миллион теңге»: Павлодарда кәсіпкерлерлерге қолдау көрсетілуде
Жергілікті шикізаттан жасалған бірегей өнімдер үшін қайтарымсыз грант алуға мүмкіндігі ұсынылады, деп хабарлайды @Pаvlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шара Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 29 жылдығына орай өткізілді.
Көрермендер қолөнершілер қолдан жасаған тауарларды, Ертіс өңірінен келген 25 өндірушінің тамақ, ұлттық өнеркәсібінің өнімдерін, сондай-ақ концертті тамашалады.
– Ең басты талабымыз – жергілікті өнімнен ерекше тауар шығару. Павлодар облысы бойынша 25 өндіруші қатысып отыр. Екі апта бойы 10 өндірушіні оқытып, бренд-комитеттен іріктелген үш финалист жеңімпаз атанады, – дейді «Атамекен» орталық аппараты департаментінің басқарушы директоры Айдана Тоғызбаева.
Оның айтуынша, әртүрлі санаттағы 25 қатысушының өнімдерінен жергілікті шикізаттың қаншалықты ерекше әрі сұранысқа ие екені тексеріледі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Қазақстан бойынша дүкендер ашуды жоспарлап отырғанын айтады. Алғашқы шоурум дүкені Астанада ашылады.
– Бізге жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қызықты болатын өнімдер қажет. Павлодарлық киіз, азық-түлік өнімдерін, құрттарын, жергілікті жидектерін атап өтуге болады, – дейді ол.
Оның сөзінше, жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының қазақстандық моделі – өңірлерде неғұрлым перспективалы жобаларды анықтау. Осы ретте, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2023 жылы республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылды.
Айта кетейік, 2023 жылдың шілде айында Павлодар қаласында жергілікті шикізаттан жасалған өнімдердің алғашқы көрмесінде 15 тауар өндірушісінің жеңімпазы анықталды. Бұл – Екібастұз қаласының «Аңсар» жеке кәсіпкерлігі, Павлодар қаласынан «Дымкофф» жеке кәсіпкерлігі және «Эко-пайда» жеке кәсіпкерлігі.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Жапонияда 70-ші жылдары енгізілді. Бұл жобада өз экономикасын жақсарту үшін табиғи ресурстарды пайдалану есебінен ауылдық жерлерде экономикалық құлдырау шешімдері табылды.