Павлодар облысында ветеринарлардың жалақысы жоғары

Павлодар облысында ветеринарлардың жалақысы жоғары
Фото: Константин Шелков

Өңірде ветеринарлардың жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселе жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ветеринария басқармасына қарасты облыстық ветеринариялық станциясы басшысының м.а. Бақытжан Әбдрахманов мәлім етті. 

– Ветстанцияның жалпы штат саны 531 бірлікті құрайды. Бізде әр ауылда ветеринарлық пункт бар. Онда жетекші, фельдшер, ветеринарлық-санитар жұмыс жасайды. Станцияда қазір 21 бос орын бар. Сондықтан мамандармен қамту мәселесі өзекті емес деп ойлаймын, – деді Бақытжан Әбдрахманов.

Сондай-ақ ветстанция басшысы ауылдық жерлердегі ветеринарлардың жалақысы 170-200 мың теңге аралығында екенін атап өтті. 

– Бүгінде республика бойынша жоғары жалақылардың бірі – біздің ветеринарларда. Еліміздің оңтүстік облыстарында ветеринарлар  80-90 мың теңге алады. Мамандарға жағдай жасау бойынша «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бар. Оған қоса, биылдан бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шығатын кезде 2 жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы беріледі. Былтыр бір жалақы мөлшерінде болатын, – деді Бақытжан Әбдрахманов.

Сонымен қатар, биыл биологиялық қауіпсіздік заңы қабылданды. Заң бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы вакциналаумен айналысатын ветеринарлардың жалақысына үстемеақы төленеді. 

Ветстанция басшысы ветеринария бойынша жоғары, орта білімі бар адамдар 621029 телефон нөмірі арқылы хабарласып, бос орындар бойынша толық ақпарат алуына болатынын айтты. 

Айта кетейік, Павлодар облысының ветеринариялық қызметіне халықты адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, облыс аумағын жұқпалы аурулардың әкелінуінен қорғау, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық жағынан қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу, жою және жұқпалы емес ауруларды емдеу бойынша міндеттер жүктелген.