Павлодар облысында заңсыз қару сақтағандар тексеріледі

Өңірде «Қару» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3-5 наурыз аралығында аймақта өтетін аталған шара заңсыз айналымнан қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тартып алуға, сондай-ақ ұрланған және жоғалған қаруды іздеу жөніндегі жұмыстарды жандандыруға бағытталған.
Полиция шаруа және фермер қожалықтарын, айдау учаскелерін, автокөліктерді қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау бойынша тексеруді ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, атыс қаруын ерікті түрде тапсырған кезде қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген полиция бөліміне жүгіне алады.