Май ауданында хабар-ошарсыз кеткен ер адам табылды

Оны іздеуге облыстың жеке құрамы бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде бір ай бұрын хабар-ошарсыз кеткен ер адам табылған. 12 қаңтар күні Ақсу қаласының полициясына Май ауданында тұратын бауырын іздеп жүрген туыстары көмек сұрап жүгінген. Олардың айтуынша, ол жалақысын алғаннан кейін жоғалып кеткен.
Полиция дереу жоғалған ауыл тұрғынын анықтау бойынша іс-шаралар ұйымдастырды.
– Іздеу шараларын жүргізу барысында 2 наурыз күні ер адам Май ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен табылды. Ол сол жерде жұмысқа орналасқан. Телефоны болмаған соң жақындарымен байланысқа шықпаған. Ер адам туыстарына тапсырылды, – деп хабарлады департаментте.
Полиция әрбір хабар-ошарсыз кеткен азаматты іздестіру шараларына мүмкіндігінше көп қызметкерлер, қосымша күштер, қоғам өкілдері мен еріктілер жұмылдырылатынын еске салады.