Павлодар облысында заңсыз жұмыс істеген Тәжікстан азаматтары айыппұл төлейді
Құрылыста істеген жеті шетелдіктің тиісті құжаттары болған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдік азаматтардың заңсыз еңбек қызметі фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ шетелдік азаматтарды жұмысқа заңсыз жалдайтын ұйымды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.
– Кәсіпорындардың бірінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактісін тоқтатылды. Тәжікстанның жеті азаматы нысанда құрылысшы ретінде жұмыс істегені анықталды, бірақ оларда тиісті құжаттар болған жоқ, – деді Павлодар облысы Ақсу қаласының полиция бөлімінің бастығы Дулат Төкенов.
Шетелдіктердің көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін, сот шешімі бойынша әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұдан басқа, осы объектінің құрылысымен айналысатын ЖШС ел заңнамасын бұзғаны және шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.