Павлодар облысында жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгереді
Жұмыс іздеуге 13 күн беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысының жаңа форматы пилоттық режимде іске қосылады. Енді азаматқа жұмыссыз мәртебесін ресми түрде бермес бұрын мансап орталығына оған лайықты жұмыс табу үшін 13 күн беріледі. Бұл туралы Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бегежанов хабарлады.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – азаматтарды формалды түрде жұмыссыз ретінде тіркеуден гөрі, оларды нақты жұмысқа орналастыруға басымдық беру. Жаңа алгоритм бойынша мансап орталығына жүгінген азамат бастапқыда «жұмыс іздеуші тұлға» мәртебесінде болады.
Осы 13 күн ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдыларын бағалап, бейінін анықтайды, жеке мансаптық бағытын әзірлейді және оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Бұл ретте мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады.
Егер осы мерзім ішінде азаматты жұмысқа орналастыру мүмкін болмаса, оған белгіленген тәртіппен ресми жұмыссыз мәртебесі берілуі мүмкін. Бұған дейін бұл рәсім әлдеқайда қысқа мерзімде жүргізіліп, азамат үш күннен кейін жұмыссыз ретінде тіркеле алатын. Жаңа тәсіл цифрлық құралдармен де толықтырылады.
Павлодар облысында Enbek экожүйесі негізінде жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жүйе азаматтың білімі, еңбек тәжірибесі мен дағдылары туралы мәліметтерді талдап, түйіндеме әзірлеуге және сәйкес бос жұмыс орындарын таңдауға көмектеседі.
Алдымен азаматтың тұрғылықты жеріне жақын жұмыс орындары ұсынылады. Кейін Павлодар облысының басқа елді мекендеріндегі және көршілес өңірлердегі бос жұмыс орындары да ұсынылуы мүмкін. Жүйедегі бос жұмыс орындарын жұмыс берушілердің өздері орналастырады.
Цифрлық тәсілдің ерекшелігі – азаматтың жұмыспен қамту қызметіне міндетті түрде өзі бірінші болып жүгінуі талап етілмейді. Жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі қолжетімді деректерді талдайды. Мысалы, адамның еңбек шарты тоқтатылып, ол мансап орталығына жүгінбеген жағдайда, жүйе оның жұмысқа орналасуға көмекке мұқтаж болуы мүмкін екенін анықтай алады.
Сондай-ақ бұл қатарға оқуын аяқтаған, бірақ мансап орталығына әлі жүгінбеген түлектер немесе жақында жұмысынан айырылған азаматтар да кіруі мүмкін. Мұндай азаматтарға цифрлық жұмыспен қамту қызметінің мүмкіндіктерін пайдалануға шақыратын SMS-хабарлама жіберіледі.
Павлодар облысы цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізу бойынша пилоттық өңірлердің бірі болып отыр. 2026 жылғы тамыз және қыркүйек айларында шамамен 62 мың азаматқа цифрлық қызметтің мүмкіндіктерін пайдалануға шақыратын SMS-хабарлама жіберілген.
Басқарманың мәліметінше, олардың шамамен жеті мыңы цифрлық жұмыспен қамту қызметінің мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, мансап орталықтарына жүгінген. Оның ішінде 841 адам верификациядан өткен, 101 адам түйіндемесін орналастырған, ал 138 адам ұсынылған бос жұмыс орындарына өтінім берген.
Пилоттық жоба жалғасып жатыр. Мамандар жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мәселесіне де түсініктеме берді. 2026 жылғы қазаннан бастап пилоттық жоба іске асырылатын кезеңде бұл төлемдер бұрынғы тәртіппен тағайындалады.
Ал төлемдерді алудың ең ұзақ мерзімін үш айға дейін шектейтін жаңа нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес күшіне енеді. Осылайша, жұмыспен қамту қызметінің жаңа форматының басты ерекшелігі – азаматты жай ғана жұмыссыз ретінде тіркеу емес, оған мүмкіндігінше қысқа мерзімде нақты жұмыс табуға бағытталған жеке жұмыс жүргізу.