Павлодар облысында жаңа экспорттаушыларды қолдау тетігі талқыланды
Өңірде экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау және сыртқы нарықтарға шығуын жеделдету мәселелері қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының үйлестіруімен «Exporter pipeline» атты жаңа механизм қалыптастырылуда. Бұл жүйе жаңа экспорттаушыларды «өсіруге» және бизнесті өңірдегі өнім диагностикасынан бастап экспорттық келісімшартқа дейін кешенді түрде сүйемелдеуге бағытталған.
Осы бастама аясында өңірде алғашқы көшпелі іс-шара өтті. Сапардың мақсаты – жоғары қосылған құны бар, экспортқа бағдарланған перспективалы компаниялар пулын қалыптастыру.
Аймақ экспорт саласында айтарлықтай нәтижелер көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің жалпы экспорты шамамен 3,2 миллиард долларды құрады. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 2,1 миллиард долларға жетіп, өңделген өнімнің үлесі жалпы экспорттың 65 пайызынан асты. Экспорттың негізгі бөлігін металлургия, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені өнімдері құрайды.
Сапар барысында Ұлттық палата өкілдері өңірдегі өндірістік алаңдарды аралап, жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы базасында бизнес өкілдерінің, «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Экспорттық-кредиттік агенттік» АҚ және «QazTrade» АҚ қатысуымен кеңес өтті. Кездесуде кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық және сервистік құралдары, соның ішінде Даму банкі арқылы ұзақ мерзімді несиелеу және Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы тәуекелдерді сақтандыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның даму банкі және Экспорттық-кредиттік агенттік арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум жобасы дайындалды. Құжат тараптардың институционалдық рөлдерін айқындауға бағытталған. Оған сәйкес Ұлттық палата бизнес тарапынан сапалы жобаларды қалыптастырып, оларды қаржылық институттарға әрі қарай қолдау көрсету үшін ұсынатын институционалдық интегратор және сұраныс операторы ретінде әрекет етеді.