Павлодар облысында жаңа оқу жылында кімдер көмекпен қамтылады?
Қолдау мемлекеттік көмекпен қатар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл өңірде мектепке қажетті заттарды алуға қолдауды қажет ететін 5000-ға жуық бала анықталған. Қазірдің өзінде олардың 3000-ға жуығына 30 миллион теңгеге жуық демеушілік көмек берілді.
Игі бастамаға кәсіпкерлермен қатар ірі кәсіпорындар, сауда үйлері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер және тұрғындар атсалысуда. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы 1500 оқушыны қамту жоспарланып отыр.

Облыстың білім басқармасы балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетованың айтуынша, акция тек бірінші сыныпқа баратын балаларға арналмаған. Қолдау мектеп жасындағы барлық оқушыларға көрсетіледі.
– Оқушыларға мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім, рюкзак және кеңсе тауарлары беріледі. «Мектепке жол» акциясы мемлекеттік қолдауды алмастырмайды. Мектепке дайындық аясында мемлекеттен де көмек қарастырылған. Ол атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қиын өмірлік жағдайға тап болған жанұяның және мектептің қамқоршылық кеңесі көмекке мұқтаж деп таныған балаларға беріледі, – деді ол.

Ал акция аясындағы жәрдем демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Оған аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болғанымен, мемлекеттік қолдау санатына кірмейтін жанұялар да өтініш бере алады.
– Қолдауды қажет ететін отбасыларды мектептер алдын ала анықтайды. Бірінші тамызға дейін барлық білім беру ұйымдарында осындай жанұялардың тізімі жасалды. Егер отбасы көмекке мұқтаж болса, тұрғылықты жері бойынша білім беру ұйымына немесе білім бөліміне жүгіне алады, – деді Жібек Айтмұхамбетова.

Бүгін акцияға «Aport» дүкендер желісі қосылып, Май, Ақтоғай, Успен және Баянауыл аудандары мен Павлодар қаласындағы 126 балаға қажетті заттар табысталды. Оның ішінде 90 оқушы кеңсе тауарларымен толық жабдықталған мектеп сөмкесін алса, 36 балаға мектеп формасы берілді.
– Біз акцияға алғаш рет қатысып отырмыз. Үш филиалымыз да бұл бастаманы қолдады. Балаларға кеңсе тауарлары салынған 100-ден астам сөмке мен мектеп формасын беріп жатырмыз. Басқа кәсіпкерлер де бұл бастамаға бейжай қарамаса дейміз. Балаларға көмектесу арқылы біз болашағымызды қалыптастырамыз, – деді «Aport» дүкенінің басшысы Айдын Нұрсейітов.
Оның айтуынша, дүкеннің қайырымдылыққа бағыттаған қаражаты бір миллион теңгеден асады. Сөмкелерге дәптер, қалам, сызғыш және оқу пәндеріне қажетті өзге де кеңсе құралдары салынған. Ал көмек алушыларды білім беру органдары анықтайды.

Акция тамыз айының соңына дейін жалғасады. Демеушілерді тарту жұмыстары облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүргізілуде.
Кәсіпкерлер мен тұрғындар бастамаға қатысу үшін тұрғылықты жеріндегі білім беру ұйымдарына немесе қалалар мен аудандардың білім бөлімдеріне жүгіне алады. Сондай-ақ облыстық білім басқармасына 32-41-05 телефоны арқылы хабарласуға болады.