Павлодар облысында жарты миллиард теңгенің су нысандары мемлекетке қайтарылды
Заң бұзушылық кеншілер қаласында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік су шаруашылығы нысандарын сенімгерлік басқаруға беру заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылмаған. Соның салдарынан нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылғанымен, мемлекет олардан түсуге тиіс таза кірісті алмаған.
– Бүгінде заңсыз жасалған сенімгерлік басқару шарттары бұзылды. Соның нәтижесінде жалпы құны 515 миллион теңгеден асатын су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттің меншігіне қайтарылды, – деді құзырлы орган өкілдері.
Енді бұл нысандарды басқаруға алатын жаңа инвестор конкурс арқылы анықталады. Алайда болашақ басқарушыға қойылатын басты талаптардың бірі – нысандарды пайдаланудан түсетін таза кірісті бес жыл бойы мемлекеттік бюджетке аударуы керек.
