Аптап ыстық: Павлодар облысында жедел жәрдем шақыру жиіледі
Өткен жексенбіде 900-ден астам шақыру түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жедел жәрдем тәулігіне орташа есеппен 650-700 қоңырауды қабылдайды. Шақырудың көбеюі күннің ысып кетуіне байланысты.
103 өкілдерінің айтуынша, созылмалы аурумен ауыратын тұрғындардан түсетін қоңыраулар саны артты.
– Гипертониялық науқастар мен инсульт пен инфарктқа күдікті науқастардан өтініштер саны артты. Соңғы бірнеше күнде қоғамдық орындардан есінен танып қалған егде жастағы және жас адамдардан қоңыраулар жиі түседі. Сондықтан Павлодар облысының тұрғындарына күн ыстық кезде көшеге аз шығуға, су алып жүруге, бас киім және ашық түсті киімдер киюге кеңес бергім келеді, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Бұдан басқа, жол-көлік оқиғаларына байланысты қоңыраулар саны да өскен. Тек 16 маусымда жедел жәрдем бригадалары төрт ауыр апатқа аттанған. Олардың біріншісі Павлодарда түн ортасында тіркелді. 19 жастағы жігіт скутерден құлап, әртүрлі көгерулермен №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.
Екінші ЖКО таңғы сағат 7 шамасында орын алды. Малайсары батыр және Жібек жолы көшелерінің қиылысында фура мен «Газель» соқтығысты. Облыстық балалар ауруханасына түрлі жарақаттармен 2009 және 2011 жылы туған екі ұл, №1 қалалық ауруханаға 39 жастағы ер адам жеткізілді.
Сондай-ақ күндізгі сағат 11 шамасында шағын айналма жолда қағып кеткен 41 жастағы ер адам № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді. 10 сағаттан кейін шамамен сол аймақта 55-60 жастағы белгісіз ер адамды қағып кетті. Ол өмірге сәйкес келмейтін жарақат алды.
Сонымен қатар, өткен демалыс күндері 103 қызметі судағы жазатайым оқиғаға қатысты шақыртуға аттанды. Құтқарушылар 20 жастағы жігіттің денесін жаяу көпір аймағындағы Усолка өзенінен алып шықты. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады.