Павлодар облысында жаяу жүргіншіні өткізбеген қанша жүргізуші жазаланды?

Оларға айыппұл салынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Зебра» алдында жүргізуші жаяу жүргіншілерді өткізуі тиіс. Өз кезегінде жаяу жүргіншілер алдымен солға, кейін оңға қарап, жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі қажет. Алайда, іс жүзінде жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткеліне қадам басқан адамдарға жол бергілері келмейді. Мұндай әрекет кейде адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
– Мысалы, Павлодарда Hyundai автокөлігінің жүргізушісі Катаев – Ломов көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, жыл басынан бері өңір аумағында 1456 жүргізуші жаяу жүргіншілерді өткізбеу фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді департаментте.
«Заң және тәртіп» қағидатын ұстана отырып, полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жаяу жүргіншілер өткеліне кенеттен жүгіріп шықпауға шақырады.