Павлодар облысында ұшқышсыз аппараттармен су айдындарына бақылау жүргізілуде

Су маңындағы демалыс орындары тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция, білім басқармасы және еріктілердің қатысуымен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
– Профилактикалық іс-шаралар барысында су маңындағы жаппай демалу орындары тексеріледі, балалар мен кәмелетке толмағандар ересектердің қарауынсыз қалған аймақтарға ерекше назар аударылды. Демалушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, судағы жүріс-тұрыс ережелерін қамтыған жадынамалар таратылады. Рейдтік іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманғы техникалық құралдар жұмылдырылды, атап айтқанда, жылу түсіргішпен жабдықталған пилотсыз ұшу аппараты (ҰҰА) пайдаланылады, оның көмегімен акваторияға мониторинг және ықтимал қауіпті жағдайларды анықтау жүргізіледі, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Тек демалыс күндері балаларды қараусыз қалдырғаны және судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 3 азамат ҚР ӘҚБтК 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Шомылу кезеңінің басынан бастап осы бап бойынша барлығы 17 адам жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін Полиция қызметімен ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы 1-бөлігі бойынша 7 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – делінген хабарламада.
Аталған іс-шаралар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіз демалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыстық ТЖД өңірдің тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйінде суға түспеуге және тек арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда демалуға шақырады.