Павлодар облысында жиі жол апаты болатын тас жолдарда жасанды кедергілерді көбейтуде

Павлодар облысында жиі жол апаты болатын тас жолдарда жасанды кедергілерді көбейтуде
Фото: Константин Шелков

Бұл жүргізушілердің ұйықтап кетуіне жол бермейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.

Облыс бойынша жыл басынан бері 150-ге жуық жол апаты орын алған. Салдарынан 24 адам бақилық болған,  зардап шеккендердің саны 210-ға жетті.

Сонымен қатар, Жасқайрат Қайыров жиі көлік апаты орын алатын жолдарды атап өтті. 

             Көбіне Павлодар – Абай облыстарының арасындағы тас жолында және Павлодар – Ақмола республикалық тас жолында апаттар орын алады. Бүгінгі таңда осы мәселені қарастырудамыз. Жүргізушілердің ұйықтап кетуінің алдын алу үшін жасанды жол кедергілері салынуда, – дейді Жасқайрат Қайыров.

Сонымен қатар, конференцияда самокат жүргізушілері жайлы да мәселелер қарасытырылды. Бұл тасымал құралының жүргізушілерінде міндетті түрде шлем болуы шарт. Ал трассада бұл көлік құралымен жүру үшін көлік жүргізу куәлігі міндеттелген. Осы ережелерді бұзған жағдайда жүргізуші жазаланатыны ескертілді.

Айта кету керек, биылғы жылы 40 мыңнан астам жол ережесін бұзу оқиғалары орын алған.