Павлодар облысында жиырмаға жуық ауылда өрт сөндіру бекеттері жаңартылып жатыр
Биыл алты жаңа бокс пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Қазіргі таңда өңірдегі 257 ауылдың қауіпсіздігін 81 өрт сөндіру бекеті қамтамасыз етеді. Олардың қарамағында 84 арнайы техника, оның ішінде 55 өрт сөндіру автоцистернасы және 29 шағын орман-патрульдік кешені бар.
Биыл 19 ауылда жылытылатын өрт сөндіру бокстарының құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Оның ішінде алты нысан пайдалануға берілсе, тағы бесеуін шілде-тамыз айларында аяқтау жоспарланған. Қалған нысандар күздің соңына дейін іске қосылады.
Кеңесте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де аталып өтті. Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен Жоламан және Галицкое ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылып, Луганск ауылындағы өрт сөндіру пункті толық жаңғыртылды.
Сонымен қатар ауылдық өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлерін арнайы даярлау жүйесін қайта жандандыру ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асайын Байханов өрт сөндіру бекеттерінің техникалық дайындығын тұрақты бақылауда ұстап, жаңа нысандардың құрылысын жалғастыруды және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырды.