Асайын Байханов Ертіс-Успен каналының жаңғыртылуын бақылауға алды

Асайын Байханов Ертіс-Успен каналының жаңғыртылуын бақылауға алды
Фото: Валерий Бугаев

Канал құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, толық пайдалануға дайындау тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, көктемгі егіс жұмыстарының ағымдағы жағдайымен, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылуымен танысты, сондай-ақ фермерлермен кездесті. Сапардың басты нысандарының бірі Ертіс-Успен каналы болды.

– Сапар аясында Асайын Байханов 2020 жылдан бастап гидромелиоративтік инфрақұрылымды жаңғырту аясында іске асырылып жатқан Ертіс-Успен каналына барды. Құрылыстың барлық кезеңдерін белгіленген мерзімде аяқтауға байланысты барлық мәселелерді пысықтау және нысанды пайдалануға толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, ауданда көктемгі егіс науқанының 96 пайызы аяқталды. Ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаумен қамтылып, минералды тыңайтқыштар мен арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Егіс алқаптарында жаңа тұқым түрлері мен заманауи агротехнологиялар енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар, фермерлер құлпынай өсірудің жаңа тәсілдеріне көше бастады: қорғалған топырақта өсірілетін ремонтантты сорттар наурыздан қарашаға дейін бірнеше рет өнім береді. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологиялары мен элиталық тұқымдарды пайдалану арқылы биыл өнімділік артуы күтілуде.

Ауданда инфрақұрылымды дамыту бағытында да ірі жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда 4,4 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мичурин ауылында жаңа мектептің құрылысы басталып, Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, 250 орындық жаңа Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 1,2 миллиард теңге бөлінген, нысанды 15 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Балабақша мәселесін шешу үшін де арнайы жоба ұсынылды.