Павлодар облысында жылыту маусымы басталғалы қанша шағым түсті?
Жылыту маусымының алғашқы апталарында тұрғындардан өтініш басым болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов мәлім етті.
– Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, жедел пысықталды. Қазіргі таңда жылумен қамтудың болмауына немесе сапасына қатысты өзекті мәселе жоқ. Тиісті жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуді бақылау тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, өтініштердің 150-і Павлодар қаласынан, 49-ы Ақсудан, және 24-і Екібастұздан түскен.
Шағымдардың басым бөлігі көпқабатты үйлердің ішкі жылу жүйелеріне байланысты болған.
– Жылыту маусымының басында гидравликалық параметрлерді реттеу кезінде үйлердің ішінде ауа жиналып қалу немесе жүйелердің дұрыс теңгерілмеуі секілді техникалық себептер жиі кездеседі, – деді Ержан Иманзайыпов.
Облыста 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысында энергия көздерінде 37 негізгі жабдық, электрмен жабдықтау желілерінің 2115 шақырымы, сондай-ақ 712 бірлік техника жөнделген.
Сондай-ақ 31,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, тозу деңгейі 79,7 пайыздан 78,2 пайызға дейін, яғни 1,5 пайызға төмендеген.
Бүгінгі таңда өңірдің барлық энергия көздері мен қазандықтары тұрақты жұмыс істеп тұр.