Павлодар облысында жолдар бойынша арнайы жоспар әзірленді
Келесі жылдан бастап мамандар оның орындалуына кіріседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл өңірде 722 шақырым жол жөнделді. Бұл–негізінен аудандық трассалар мен ауылдық көшелер. Облыстық маңызы бар жолдардың 89 шақырымы жөндеуден өтті.
Жаңа төселген жолдың сапасын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары қадағалайды. Облыстық мәслихат сессиясында филиал директорының м.а. Марат Валиев биыл 1605 сынама алынғанын хабарлады. Олардың 20 пайызы талаптарға сәйкес келмеді.
Мәслихат депутаттары жиында жаңа салынған жолдарының сапасын сынға алған болатын. Тұрақты комиссияның мүшесі Виталий Соломкин Успен ауданының Ковалевка ауылындағы жағдайды мысал ретінде келтірді. Ұлттық орталықтың мамандары жолдың пайдалануға дайындығын бекіткеннен кейін бір ай өткен соң, жол жарамсыз болып қалды.
Марат Валиевтің айтуынша, аталған учаскеде сынама алынған болатын. Облыс жолдарындағы 80 ақаудың 22-сін мердігерлер жойған жоқ, бірақ бұл тізімде Ковалевка жолы жоқ.
Сондай-ақ, отырыста 2023 жылға арналған жол жоспары толық орындалғаны белгілі болды. Алты жоба – ауыспалы.
Келесі жылы Павлодар облысында жолдарға 22,6 миллиард теңге жұмсау жоспарлануда. Ақтоғай – Шолақсор, Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты, Беловка – Қалқаман, Панфилово – Бестөбе жолдары жоспарға кірген. Жалпы 49 шақыры жөнделеді деп көзделуде. Жыл соңына қарай аудандық жолдардың 95,7 пайызы нормаға сәйкес келеді. 2026 жылға қарай үлесті 99 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Ол үшін қалалар, аудандар әкімдіктері мен бейінді басқарма үш жылдық арнайы жоспар әзірледі. 2024 жылдан 2026 жылға дейін мыңдаған шақырым жергілікті жолдарға жаңа асфальт төселеді.
Сондай-ақ, 127,5 шақырым аудандық жолдарды қайта жаңарту бойынша 14 жоба жоспарлануда. Ал ауылдық елді мекендерге 42 кірме жол жөнделеді.