Павлодарда сот шешімімен бірнеше үй сүріледі
Сот ісін қозғауға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастамашылық еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Талдау көрсеткендей, бірқатар жағдайларда құрылыс салуға рұқсат қаланың бас жоспарын бұза отырып берілген. Сонымен қатар, жобалардың егжей-тегжейлі жоспарлауы болмаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Дархан Құрақбаев мәлім етті.
- Қамзин көшесі, 102, Горький, 27/1, Академик Сәтбаев, 251/1 мекенжайындағы үйлерді бұзу туралы үш сот шешімі заңды күшіне енді, - деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, Павлодар қаласының шекарасында бау-бақшаға арналған учаскелер беріліп, кейіннен олардың нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысына немесе қалыптасқан кезекті айналып өту үшін коммерциялық мақсатқа өзгерту кезінде заңсыз жер беру бейберекет құрылысқа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғады.
– Тұрғын үй қатынастары саласында Павлодар қалалық әкімдігінде қылмыстық схема әшкере болды. Шенеунік қамқоршылардың араласуымен үлестес тұлғаларға пәтерлерді заңсыз рәсімдеп, тұрғын үй қорынан шығарған. Кейіннен баспаналар қайта сатылған. Іс қатысы барлар сотталды, – деп мысал келтірді баяндамашы.
Барлық пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, пәтерге мұқтаж әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бөлінді.
Фото: ашық дереккөздерден