Павлодар облысында жолдарды жөндеуге миллиардтаған теңге бөлінді

Павлодар облысында жолдарды жөндеуге миллиардтаған теңге бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жүзден астам жол жобасы жүзеге асырылып, Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік дәліздерін жаңғырту, тасымал тиімділігін арттыру және жол желісін дамыту мәселелеріне бірнеше рет назар аударған.

– Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері, сондай-ақ Транскаспий бағыты басымдыққа ие. Олардың өзара үйлесімді байланысы құрлықаралық тасымал жүйесінің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Осы бағытта Павлодар облысында жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Фархат Нұрхановтың мәліметінше, биыл елді мекендердегі жолдар мен көшелерді жөндеу бойынша 102 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы ұзындығы – 322 шақырым. Бұл мақсатқа 29,6 миллиард теңге қарастырылған. Қыркүйек айының соңына қарай жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы орындалған.

Ауылдарға қатынайтын жолдарды жақсартуға да көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Майқайың – Екібастұз автожолының 23 шақырымын жөндеу аяқталуға жақын. Ақтоғай ауданында Басқамыс – Қаратоғай – Шұға – Жолболды бағытындағы 15 шақырым жолға асфальт төселді. Ертіс ауданында Голубовка – Қызылқақ тасжолының 20 шақырымы да асфальтталған.

Жалпы облыста 115 шақырым жолдың қиыршық тас жабыны асфальтқа ауыстырылды.

Елді мекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу де жалғасуда. 2023-2025 жылдары жалпы ұзындығы 291 шақырым болатын 91 кіреберіс жол жаңартылған. Биыл тағы 21 шақырымды қамтитын 17 жол жөндеуден өтті.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 97 пайызы нормативтік жағдайға жеткізілді.

Республикалық тасжолдар да жаңартылып жатыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, биыл 132 шақырым жол құрылыс, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған.

Олардың қатарында Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – Ресей шекарасы, Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара бағыттары бар. Ал Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Курчатов автожолының 15 шақырымын жөндеу тамыз айында аяқталған.

Өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Павлодар маңында Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автомобиль көпірі. Құрылысқа 296 маман мен 86 арнайы техника жұмылдырылған. Негізгі жұмыстар аяқталуға жақын, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Келесі жылы республикалық маңызы бар тағы 72,5 шақырым жолды жөндеу көзделген. Оның ішінде Павлодар қаласының батыс айналма жолы мен Павлодар – Астана тасжолының жекелеген учаскелері бар.

Жол инфрақұрылымын жаңарту өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға және елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бұған дейін Павлодар қаласына қарасты бес ауылда ауқымды жол жөндеу жұмыстары аяқталып, жол жабыны жаңартылған болатын.