Павлодар облысында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Павлодар облысында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде өңірде бес мыңға жуық бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осыған орай Павлодар облысында да бірқатар шаралар жүзеге асуда. Бұл туралы облыстық еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Қазбек Жомартов айтты.

– Президент бастамасына сәйкес қазір жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Павлодар облысында еңбек мобильділігі орталығы түрлі бағытта жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылып, ірі кәсіпорындар мен жұмыс берушілер және жұмыссыз азаматтар арасында кездесулер өткізілуде, – деді ол.

Спикердің айтуынша, бүгінде өңірде бес мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Оның ішінде ең көп сұраныс өндіріс саласына (20%) және құрылыс саласына (13%) тиесілі. Сонымен бірге білім беру және денсаулық сақтау салаларына да мамандар қажет.

– Жұмысқа орналасуға жүгінетіндердің орташа жасы 25 пен 45 жас аралығында. Былтырғы 2024 жылы еңбек мобильділігі орталығы арқылы жеті мың жас маман жұмыспен қамтылды. Ал 2025 жылдың өзінде қазірдің өзінде 5,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл тек біздің орталық арқылы жүргізілген статистика. Нақты көрсеткіш бұдан да жоғары, себебі азаматтар тікелей жұмыс берушілерге де шығады, – деді Қазбек Жомартов.

Сонымен қатар ол жұмысшы мамандық иелерінің орташа жалақысына тоқталды.

– Павлодар облысында электриктердің орташа жалақысы 160 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жетеді. Дәнекерлеушілердің еңбекақысы – 300–500 мың теңге аралығында. Ауыл шаруашылығында механизаторлар мен трактористерге деген сұраныс бар. Олардың табысы шамамен 180 мыңнан 400 мың теңгеге дейін. Жалақы көлемі орындалған жұмыс пен қосымша төлемдерге байланысты өсіп отырады, – деді ол.

Қазбек Жомартовтың сөзінше, бүгінде еңбек нарығы толығымен цифрландырылған.

– 2019 жылдан бастап «Электронды еңбек биржасы» іске қосылды. 2021 жылдан бастап қызметтер толықтай электронды форматқа көшірілді. Қазір жұмыс берушілер бос орындарды Еңбек.kz порталына электронды цифрлық қолтаңба арқылы енгізе алады. Ал жұмыс іздеушілер смартфон немесе компьютер арқылы бос орындарға өтініш беріп, барлық ақпаратты қашықтан ала алады, – деді спикер. 

Портал ішінде «Enbek Skills», «Business Enbek», көші-қон саласына арналған «Migraine» сияқты бөлімдер бар. Сондай-ақ еңбек келісімшарттарын электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.