Павлодар облысында жұмысшы жастарға қандай қолдау көрсетілуде?

Өңір орталығында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға ERG тобының қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдарының басшылары, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, колледж студенттері және басқа да қоғам белсенділері қатысты.
Презентация Жастар бастамаларын дамыту орталығында ұйымдастырылды. Жиын барысында жұмысшы мамандықтары бойынша білім алушыларға көрсетілетін қолдау туралы айтылды. Жастарға қызмет көрсету орталығының басшысы Жандарбек Қабдраш арнайы ресурстық орталықтан қандай көмек алуға болатынын түсіндірді.
Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына арналған жобалар туралы баяндады.
Қоғамдық қордың өңірлік өкілдігінің жетекшісі Гүлнара Исенова «Әділдік және өркендеу» қозғалысына қосылудың маңыздылығын атап өтті. Ол жұмысшы мамандықтарын дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстар мен қоғамдық ұйымдардың еңбек дауларын шешуге көмектескен нақты мысалдарын келтірді.
Кездесу аясында қоғамдық қор мен «Amanat» кәсіподақтар бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Гүлнара Исенова мен Нұржан Сейтен қол қойды.