Павлодар облысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына арналған спартакиада өтті

Павлодар облысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына арналған спартакиада өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Турнир «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Тереңкөл ауданында полиция қызметкерлері арасында қаза тапқан әріптестерінің рухына арналған спорттық турнир өтті. Шара өз қызметтік борышын адал атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ерлікпен қаза тапқан Ахметқали Тезекбаев пен Фарид Қақабаевтың есімдерін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Павлодар облысы Полиция департаментінің арнайы даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, батыр полицейлердің ерлігі мен қызметке адалдығын ерекше құрметпен еске алды.

– 1997 жылғы 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні милиция капитаны Ахметқали Тезекбаев қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Артында жұбайы мен екі баласы қалды. 2008 жылы 26 шілдеде полиция капитаны Фарид Қақабаев қызметтік борышын орындау кезінде өмірін қиды. Олардың екеуі де өз ісіне адал, ел тыныштығы жолында ерлік пен намыстың үлгісін көрсеткен азаматтар еді. Бүгінде Ахметқали мен Фаридтің есімдері адалдық пен батырлықтың мәңгілік символына айналды, – деді ол.

Іс-шараға облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза болған қызметкерлердің туыстары қатысты. Батыр полицейлердің рухына тағзым етіп, олардың ерлігін еске алу сәттері жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

Фарид Қақабаевтың қызы Әмина Қақабаева сөз алып, полицейлер қауымына алғыс білдірді.

– Әкеміздің есімін ұмытпай, оның әріптестері мен достары көрсетіп жүрген қамқорлық пен құрмет үшін отбасының атынан ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қызметтеріңіз ауыр да қауіпті, сондықтан баршаңызға амандық тілеймін. Әр күніңіз бейбіт, әр оралуыңыз сәтті болсын, – деді ол тебірене.

Спартакиадаға полиция департаментінің түрлі бөлімшелерінен келген командалар қатысып, волейбол, гір көтеру, турникке тартылу, берпи және қол күрес секілді бес спорт түрінен бақ сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ЖҚАЖ командасы екінші орынды Тереңкөл аудандық полиция бөлімі, үшінші орынды департаменттің оқу-жаттығу взводы иеленді. 

Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табысталды.