Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасын сапалы орындау тапсырылды

Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасын сапалы орындау тапсырылды
Фото: Константин Шелков

Өңірде кәсіпкерлерге бизнес-идеяларды іске асыру үшін 443 грант беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сондай-ақ, 27 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің осы бағыттағы тапсырмасын орындау үшін «Өңірлік жұмыспен қамту» картасы жүзеге асырылуда.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың мәлімдеуінше,  ағымдағы жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша мемлекеттік және жеке жобалар шеңберінде 26,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 18,3 мыңы тұрақты (68%). 

–  154 инфрақұрылымдық жобаға 1273 адамды, бос жұмыс орындарына 9958 адамды, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 7436 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 7141 адамды жұмысқа орналастыру қажет,  – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 322 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Мемлекет басшысының жұмысшы кәсіптер жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жобалардың инновациялық навигаторы» ақпараттық жүйесін әзірледі. 

– Инновациялық жоба навигаторы жұмыссыздық деңгейін төмендету және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, еңбек ресурстарын тиімді бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған,  – дейді Альмира Дисюпова.

Ағымдағы жылы әкімшілер электронды еңбекшарты және міндетті зейнетақы жарнасы енгізуге ерекше назар аударуы қажет, өйткені жұмысқа орналастыруды есепке алу олар болған жағдайда ғана жүргізілетін болады.

– Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындарын, еңбек шарттарын орналастыру бойынша мердігер ұйымдары мен тұрақты негізде түсіндіру жұмыстары күшейтілсін. Қала мен аудан әкімдері 2025 жылдың соңына дейін жұмысқа орналастыру индикаторлары мен қоныс аудару бағдарламасын сапалы орындалуын қамтамасыз етсін,  –  деді аймақ басшысы. 

Осыған байланысты Асайын Байханов қала әкімдері мен аудан әкімдеріне биылғы жылдың «Өңірлік жұмыспен қамту» картасы енгізген жобаларды іске асыруды бастап, сұрақтар мен ұсыныстарды талқылап, үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.