Екібастұз тұрғындары қайырымдылық концертке қолдау көрсетті
«Өнер» мәдениет сарайында Елордадан келген әнші Азамат Есбосыновтың «Мен сені сүйемін, өмір!» атты қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара Республика күнін тойлау қарсаңында қайырымдылық іс-шаралар мақсатында ұйымдастырылды.
– «Мен сені сүйемін, өмір!» деген – өмірге деген құлшынысым, талпынысым. Осылай отырып қалмайын, әрі қарай өзіме күш беріп, Алланың берген күш-қуатын барынша қолданғым келеді. Алла берген ауруына шипасын да береді, дейді. Сондықтан адам талпынбаса, ештеңе шықпайды, – дейді әуесқой әнші.
Азамат Құрманбекұлы – отбасының жалғыз асыраушысы. Тағдырдың ауыр сынағына мойымай, өнерімен халыққа қуаныш сыйлап, жігерлі рухтың үлгісін көрсетіп, еліміздің барлық аймақтарында қайырымдылық концертін ұйымдастырып жүрген қайсар жан. Концертте онымен бірге бір мұңайып, бір қуанған Екібастұз халқы тамаша көңіл күйге бөленіп, қолдарынан келген көмектерін аямады.
Көпшіліктің ықыласына бөленген әнші өз тарапынан Екібастұзда концертін ұйымдастыруға қол ұшын созған жандарға алғысын айтып, келген көрермендерге ризашылығын білдірді.
Өмірге құштар Азамат Құрманбекұлы Астана қаласында жұмысқа бара жатқан жолда құлап, ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.
Дәрігерлер миллиондаған адамның ішінен бір адамда ғана кездесетін диагноз қояды. Дертіне Қазақстаннан емі табылмаған соң дәрігерлер шет елде ем алуға ұсыныс жасаған. Алайда ем іздеген азаматтың шет елге барып емделуіне қаражаты жоқ. Анасы баласын ойлап, уайымдап, қос жанарынан айырылған.