Павлодар аулалары бақылауға алынды
Өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өңір аумағында «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – қылмыстың алдын алу, оның ішінде алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
– Аталған кезеңде полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерді аралап, ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізеді, азаматтармен құқықтық түсіндіру жұмыстарын өткізеді, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жолын кеседі, – деді қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Тәртіп сақшыларына көмекке волонтерлер, қоғам белсенділері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері тартылады. Бұл бірлескен жұмыс аулалардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қандай да бір құқық бұзушылық байқалған жағдайда полицияға дереу хабарлау қажеттігі ескертілді.